Бостандық ауданы
әкімінің аппараты
Алматы қаласы Бостандық ауданы әкімі
аппаратының интернет-ресурсына қош келдіңіздер!
Жаңалықтар ЖАҢАЛЫҚТАР

17.05.2018

Алматыда итпен серуендеуге тыйым салынатын орындар белгіленді


Жаңартылған ереже Алматы қаласы Мәслихатының VI шақырылымының XXVII сессиясында бекітілді. 

Ережеге сай, үй жануарымен қоғамдық ортада серуендеу кезінде ит мойын жіппен жүруі және иесінің жіті бақылауында болуы тиіс. Қажет болғанда, қауіпсіздік шараларының орындалуы міндеттеледі.

 Бұл ретте, балалардың ойын алаңдары мен спорттық алаңдарда, мектепке дейінгі және мектеп ғимараттарының, емдеу мекемелерінің аумағында, арнайы белгілер орнатылған жерлерде итпен серуендеуге тыйым салынады. 

Ережеге орай, жоғалған жануарларды табудың жолын жеңілдету және олардың аймақтық статистикасын жинақтау мақсатында Алматы қаласындағы иттер мен мысықтарды бірыңғай дерекқорға тіркеу міндеттеледі. 

Билік өкілдері ит пен мысықтың бақылаусыз көбеюіне жол бермеуге және қараусыз қалдырмауға шақырады. «Жануарды асырау мүмкіндігі ендігәрі болмайтын жағдайда оның иесі оны басқа біреуге немесе арнайы мамандандырылған орталықтарға өткізуі тиіс. Одан бөлек, қала аумағында ит төбелесін ұйымдастыруға да шектеу қойылады, - деп жазылған ресми құжатта. 

Сонымен қатар, ережеге иттер мен мысықтарды тасымалдау, шетелге шығару және алып келу, көрмелер мен іс-шараларға қатыстыру стандарты, сонымен қатар, жануарлардың ветеринарлық-санитарлық жағдайын бақылау мен олардың қалада аурулардың таралуына себепші болуына жол бермеу сынды нұсқаулықтар бекітілді. 

Мысалы, үй жануарын жасы үш айға толған уақыттан бастап, вакциналау міндетеледі. Одан бөлек, жануар иесі кем дегенде жылына үш рет ит не мысық терісін тексеруден өткізіп, оны тоғышар паразиттерден тазалап отыруы тиіс. Егер жануар үй жағдайында ережеге сай ұсталмаса, көршілердің тыныштығын бұзып, жағымсыз иіс таратса, сот шешімі бойынша иесін үй жануарын бағу құқығынан шектеу және айыру шаралары қарастырылады. Тұрғын үй кешендерінде жануарларды асырау, ит немесе мысыққа арналған қонақүй және арнайы бағу орталықтарын ашуға тыйым салынады. 

Ереже барлық ит және мысық иелеріне, олардың жеке немесе заңды тұлға екеніне қарамастан, бірдей жүреді. Ереже бұзушылар ҚР заңнамасына сәйкес жауапқа тартылады. 

Айта кетсек, Алматы қаласындағы үй жануарларын ұстау және күтудің жаңа ережелері 2017-2020 жылдарға бағытталған үй жануарларының жағдайын жақсарту жол картасына орай бекітілді. ҚР ветеринар дәрігерлер ассоциациясы, «Animal Law Kazakhstan» комитеті, кинологтар мен өзге де қоғамдық ұйымдар Алматы қаласы ауыл шаруашылығы мен ветеринария басқармасымен біріге отырып, ресми құжатты дайындауға атсалысты.


 



17.05.2018