Бостандық ауданы
әкімінің аппараты
Алматы қаласы Бостандық ауданы әкімі
аппаратының интернет-ресурсына қош келдіңіздер!
Жаңалықтар ЖАҢАЛЫҚТАР

14.04.2018

«Нұр-Мубарак» Университеті Наурыз мерекесін атап өтті


Күн мен түннің теңелген, табиғат жаңарып, жаңа жылдың басталған шағы Наурыз Нұр-Мүбарак университетінде қаситетті Құран аяттарымен басталды. Әсемдік пен бірліктің, ұлттық  пен елдіктің мерекесіне айналған Наурыз мерекесімен университет ректоры, профессор Жуда Басюни бастаған Алматы қалалық Дін істері жөніндегі  басқарма басшысы Айдар Есенбеков, проректор, профессор  Шамшәдин Керім мырзалардың құттықтау сөздерімен жалғасын тапты.

           

Бүкіл қазақ халқын, Президент Нұрсұлтан Назарбаевты осы берекелі Наурыз мерекесімен Мысыр елінің Президенті Абдул Фаттах ас-Сиси мырзаның, бүкіл мысырлықтар атынан Нұр-Мүбарак Университетінің ректоры профессор Жуда Басюни құттықтады.

           

Сондай-ақ мерекенің құрметті қонағы Айдар Ражымжанұлы   шуақты күні халқымыздың салт-дәстүрін дәріптеп, киіз үй тігіп, бір үйдің баласындай, бес саусақтың саласындай жұмыла кіріскен Нұр-Мүбарак ұжымына жүрекжарды лебізін айта келе: «Еліміздегі дін саласындағы түрлі түйткілдерді реттеп, салиқалы, салмақты шешімдерімен ат салысып жүрген университет ғалымдарына, түлектеріне шын ризашылығымды айтқым келеді», — деп алғысын жеткізді.

           

Ал проректор, профессор Шамшәдин Керім тәуелсіздіктен кейін дүние есігін ашқан шәкірттерге сонау Кеңес дәуіріндегі Наурыздың жағдайын, оның халқымыздың ұлттық болмысын сақтап қалудағы ерекшеліктеріне тоқталып, еліміздің тәуелсіздігінің баянды болуын тіледі. Ел ағаларының ақ тілегінен кейін халық әндері әуелеп, күмбірлеген күй шертілді. Шәкірттер арасындағы ақынжанды шәкірттер өлеңдерін оқып, айтыс өнерін ұсынды. Ал мерекеге Құрманғазы атындағы консерватория студенттері, белгілі әнші Айдар Тұрғанбек өнерлерінен шашу шашты.

           

Студенттер ұлыстың ұлы күні көрісу, бесікке салу, тұсау кесу рәсімдерін жасап, халыққа тәттіден шашу шашып, мерекенің берекесін аша түсті. Ақсақалдар бата беріп, мереке кең жайылған дастарханмен жалғасты. Киіз үйдің іші де, сырты да кеңінен жайылған дастархандағы ыстық бауырсақ, наурыз көже, түрлі ұлттық тағамдар молынан жетіп жатты. Айта кетерлігі осы шаруаның барлығын студенттер шын ықыласымен өздері жасап, қонақтарды шеберліктерімен тәнті етті. Наурыз тойын ұлттық спорттың түр-түрі жалғастырып жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарлар анықталды.

           

Ал арқан тартыстан бірнеше студенттер тобы арасынан қалалық сайыстарда қарсыластарын шаң қаптырып жүрген «Нұр-Мүбарак» командасының мерейі үстем болды. Жеңімпаздарға сый-сыяпаттар жасалып, университет басшылығы атынан зор алғыс білдірілді.

14.04.2018