Бостандық ауданы
әкімінің аппараты
Алматы қаласы Бостандық ауданы әкімі
аппаратының интернет-ресурсына қош келдіңіздер!
Жаңалықтар ЖАҢАЛЫҚТАР

05.04.2017

«Ұлы Жібек жолының жаңа бейнесі мен жетістіктері» атты фотокөрме ашылды


   Бүгін  5 сәуір күніаудандағы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейі мен Қытай Халық Республикасының Алматы қаласындағы Бас Консулдығы бірлесіп «Ұлы Жібек жолының жаңа бейнесі мен жетістіктері» атты фотокөрме   ашты.

          

   Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейі Қытай Халық Республикасының Алматы қаласындағы Бас Консулдығымен ынтымақтастықта бірлесіп, Қытай елінің бай тарихы, мәдениеті, дәстүрлері және өнерімен таныстыруды жалғастырып келеді. Оның бір нақты куәсі көрермендер назарына ұсынылып отырған осы  «Ұлы Жібек жолының жаңа бейнесі мен жетістіктері» атты фотокөрме.

                                                                                                                                                                             

   Ұлы Жібек жолы – әлемдік өркениеттер тарихындағы тамаша жетістіктердің бірі. Еуропа мен Азияны жалғаған тарам-тарам керуен жолдары ерте дәуірлер мен ортағасырлардағы Қытай мен Жерорта теңізі елдерінің сауда жолдарын жалғап қана қоймай, Шығыс пен Батыс мәдениеттерін түйістірген алтын көпір болған.   Ұлы Жібек жолының көп бөлігі Орталық Азия мен Қазақстан арқылы өткен.

           

  Біртұтас коммуникациялық трансеуразиялық жүйе ретінде Ұлы Жібек жолы қазіргі кезде де үлкен маңызға ие. Ол әртүрлі мемлекеттер, оның ішінде Қазақстан мен Қытай елдері арасындағы қазіргі заманғы мәдени және экономикалық байланыстардың дамуында үлкен рөл атқарады.  

           

Көрме «Жаңа бейне», «Бірлескен құрылыс және пайдаланылуы», «Бірлесіп өмір сүру мен ортақтаса өркендеу» атты 3 бөлімнен тұрады. Көрмеге Ұлы Жібек жолының тарихы ғана емес, сонымен бірге саясат, экономика, құрылыс, бизнес, білім беру, мәдениет, туризм және спорт салалары бойынша Қазақстан-Қытай қарым-қатынастарының жетістіктерін бейнеленген 70-тен астам фото жұмыстар қойылған. Фотосуретшілердің жұмыстарында сонымен бірге Қытайдың сәулет ескерткіштері, көркем табиғи орындары мен көрікті жерлері көрініс тапқан.

              

Көрменің бірінші бөлімі Ұлы Жібек жолының екі мың жылдық тарихын қамтыған 26 фотосуреттен тұрады. Бұл кезең халықтарға өз тарихи-мәдени мұрасын сақтауға, бейбітшілік, келісім, достық, жариялылық пен төзімділікті сақтай отырып, өмір сүруге мүмкіндік берді. Фотосуреттер арасында: «Jiayu – Ұлы көш», «Будда үңгіріндегі күн сәулесі», «Yongtai көне қаласы», «Түнгі қайықтар сайысы», «Тибеттік Жаңа жыл», «Түйеші», «Көне ауылдағы қағаз өндіру», «Жүрдек пойыздар дәуірі», «Аспалы көпір» және т.б. жұмыстар бар.

    Көрменің екінші бөлімі (25 фотосурет) экономика және зауыттар мен қайта өңдеу комбинаттарының құрылысы, энергетикалық, фармацевтикалық компаниялар, банктер мен сауда орталықтарын ашу салалары бойынша ортақ жобаларды іске асыру мақсатындағы Қазақстан-Қытай өзара тиімді ынтымақтастықтағы қарым-қатынасын бейнелейді. Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарындағы цемент зауыттары, «Тау-кен» Ақтоғай зауыты, «SINOPEC» мұнай өңдеу зауыты, «Мойнақ Су» электростанциясының ашылу сәттері, ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «CNPCS» компаниясының Ақтөбедегі филиалының директорын мадақтамамен марапаттау сәті бейнеленген фотосуреттер ерекше қызығушылық тудырады.

     Көрменің үшінші бөлімі (Қытай фотосуретшілері Алматыда түсірген 19 фотосурет) Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдениет пен өнер салаларындағы қарым-қатынасты қамтиды: Қытайдың салт-дәстүрлері, әдет-ғұрыптары, мерекелері мен қазіргі дамуы: «Шэньси провинциясынан Алматыға дейін келген 100-ден астам адам мен түйелер керуені» жұмысы, ҚХР Алматы қ. Бас консулдығы өткізген «Қытай тағамдарының мерекесі», «Қытай мәдениетінің күні», Қазақ Мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде өткен «Тіл достастықтың көпірі» байқауы, «Қытай спортшылар құрамасының Конфуций мектебінің оқушыларымен бірге Қытай Жаңа жылын қарсы алуы», «Қазақстан-Қытай дипломатиялық қарым-қатынасының 25 жылдығына арналған Гала-концерт», «Наурыз мейрамы».

Көрме сәуір айының 11-іне дейін жалғасады.

05.04.2017