Бостандық ауданы
әкімінің аппараты
Алматы қаласы Бостандық ауданы әкімі
аппаратының интернет-ресурсына қош келдіңіздер!
Жаңалықтар ЖАҢАЛЫҚТАР

03.04.2017

«Нұр Отан» партиясы Бостандық аудандық филиалы "Наурыз" мерекесін атап өтті.


 Ежелгі қазақ даласын мекендеген түркі тілдес халықтарға тән және тарихи-рухани сабақтастығымызды білдіретін мереке-мейрамдардың арасында халқымыз үшін өзінің сүйікті мейрамы – “Жаңа жылы” – “Наурыз” мерекесі.

          

Наурыз - Ұлыстың Ұлы күні.   Ұлыстың ұлы күнінде ел елжірей қуанып, есік ашып, дастарқан жайып, бірін-бірі құшақтаса көрісетін шақ.

Кешегі сенбі күні  «Нұр Отан» партиясының Бостандық аудандық филиалы ғимараты алдындағы алаңда «Наурыз -2017» мерекесі кеңінен аталып өтілді.

          

 Ауданның алғашқы партия ұйымдары ұжымдарымен жарыса  бой көтерген  шатырлар  ұлттық нақышта безендіріліп, ұлттық тағамдармен жайылған ақ  дастархандар тойдың сәнін келтірді. Бұл көріністі сахна төрінен шыққан  ән мен күй, келген қонақтар мен бүлдіршіндердің көңілін көтерген Алматы қалалық цирк сайқымазақтары толықтырды.

Мерекелік шараға «Нұр Отан» партиясы Алматы қалалық  филиалы төрағасының орынбасары Станислав Владимирович Конкуров, «Нұр Отан» партиясы Бостандық аудандық  филиалы төрағасы, аудан әкімі Бекқали Нұрғалиұлы Торғаев, партия мүшелері, Алматы қаласы Мәслихат депутаттары М.Әзербаев, И. Байрамуков, саяси кеңес мүшелері, аудандық алғашқы партия ұйым ұжымдары мен  аудан тұрғындары қатысты.

           

Кең ауқымда өткен мерекелік шараның шымылдығын Алматы қаласы Сервис және технологиялар колледж студенттері Құрманғазының күйімен ашты. Артынан Түйе атасы ойсыл қараға мінген ақ сақалды Қызыр ата келіп барша жұртқа бата берді.

          

Салтанатты шараны «Нұр Отан» партиясы Бостандық аудандық филиалы төрағасы, аудан әкімі Бекқали Нұрғалиұлы Торғаев құттықтау сөзімен жалғастырды. 

  «Бұл мереке тіршіліктің, дәстүрлі құндылықтар аясында бірігіп, игілікті жаңа бастауларға ниет білдірудің нышаны. Наурыз — баршаны ауызбіршілікке, татулыққа үндейтін мейрам. Ұлыстың ұлы күні, халықтық мереке. Наурыз - қайырымдылық пен имандылықтың, бірлік пен достықтың ұлы мерекесі. Ол баршаңызға жақсылық, ырыс, отбасыларыңызға баянды бақыт пен құт-береке ала келсін. Күн шапағы әр шаңыраққа бақ береке, өзара түсіністік пен болашаққа деген сенімділік әкелсін! Тілектеріңіз орындала берсін! Наурыз құтты болсын!» - деп ізгі тілегін білдірді.

           

 Мереке шеңберінде алаңда қаз-қатар бой көтерген шатырлар астында ұлттық қолөнер туындыларының шығармашылық көрмесі өтті. Сондай-ақ әр шатыр ішінде ақ дастарханнан ұлттық тағам бесбармақ, қазы-қарта, жал-жая, бауырсақ, ірімшіктен  дәм татылып, Наурыз көже таратылды.

           

  Жиналған көпшілік ұйымдастырылған ойын-сауыққа қатысып, көңіл көтерумен қоса, арқан тарту, асық ату, тоғызқұмалақ, қол күрес сынды ұлттық ойындарда бақтарын сынасты.

          

 Шарада көгімізде әсем әуендер әуелеп, домбырадан күй тартылып, жиналған жұртшылық бір-біріне ақ тілектерін білдірісіп, қыздарымыз сәмбі талдай бұрала билеп, мерекенің ажарын айшықтай түсті.

          

Қазақ халқының ғасырлық дәстүрін дәріптеу мен мейрамның ізгілік мәнін түсіндіру, жалпыадамзаттық құндылықтарды өркендету мен нығайтуға бағытталған шара осылайша ойдағыдай өтті.

         

         
       

         


         

03.04.2017