Бостандық ауданы
әкімінің аппараты
Алматы қаласы Бостандық ауданы әкімі
аппаратының интернет-ресурсына қош келдіңіздер!
Оқиғалар ОҚИҒАЛАР

21.09.2018

Алматыда Астана қаласының мәдени күндері басталды


Гала-концерт, Open-air, Тұрсынбек Қабатовтың әзіл-сықақ кеші, театрландырылған қойылымдар, елордалық филармонияның концерттері, фотокөрмелер және футбол матчы... 19-25 қыркүйек күндері  аралығында Астана күндері аясында алматылықтардың назарына осындай қызықты бағдарлама ұсынылады.

 Елорданың Мәдениет және спорт басқармасынан хабарланғандай, Астананың Алматыдағы күндері аясындағы ең ірі жоба Қайрат Баекенов пен «Формат» тобының Open-Air жеке концерті болады. Шара сенбі, 22 қыркүйек күні «Астана» қалалық алаңында ашық аспан астында өтеді. Басталуы сағат - 19:00. 

Сонымен қатар, Тұрсынбек Қабатовтың әзіл-сықақ кеші мен елордалық шығармашылық ұжымдардың және танымал эстрада орындаушыларының қатысуымен өтетін Гала-концерт көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйламақ. Тұрсынбек Қабатовтың сатира кеші 20 қыркүйекте сағат 19.00-де Республика сарайында өтеді. Қазақстандықтардың сүйікті әзілкеші Алматы тұрғындары мен қонақтары үшін арнайы «Әзіл әлемі» бағдарламасын әзірлеген.


Келесі күні осы уақытта Республика сарайында келушілер Гала-концерт тамашалайды. Концерт шымылдығы профессор Айтқали Жайымов жетекшілік еткен Астана қаласының Мемлекеттік академиялық филармониясының қазақ оркестрінің орындауындағы Құрманғазының «Сарыарқа» күйімен ашылады. Бағдарламада - «Шалқыма» халық биі ансамблі, эстрадалық би ансамблі, классикалық, эстрадалық және халық вокалы солистері, сондай-ақ, эстрада артистері өнер көрсетеді. Кешке Секен Тұрысбек, Алтынай Жорабаева, Тамара Асар, Медет Салықов, Клара Төленбаева, Алмас Кішкенбаев, Маржан Арапбаева, Қайрат Баекенов және «Формат» тобы, Дос, Ринат Малцагов сынды орындаушылар, «Арт домбыра» жобасы және т.б. қатысады. Ал Тұрсынбек Қабатовтың әзіл-қалжыңы көрермендерге риясыз күлкі сыйлайды. 

Елордалық филармония оркестрлері мен солистерінің орындауындағы классикалық әуендерді тыңдайды, еліміздің талантты суретшілерінің еңбектерімен етене танысып, отандық эстрада орындаушыларымен кездеседі. Тәуелсіздік сарайының ұжымы қыркүйектің 19-21 аралығында Алматы тұрғындары мен қонақтарын барша Қазақстанды аралап, мыңдаған адамды тәнті еткен «Ақ тілекпен, Астана!» көрмесіне шақырады. Экспозицияда еліміздің 50-ден аса суретшісінің жүзге жуық жұмысы ұсынылады. Бұл еңбектерде тәуелсіз мемлекетіміздің тарихының әрбір кезеңі қамтылған. 

Көрме Республика сарайында сағат 10.00-18.00 аралығында өтеді. 19-25 қыркүйек аралығында өтетін гастрольдік сапар барысында алматылықтар Астана қаласы театрларының үздік қойылымдарына өз бағасын беретін болады. М. Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театры екі спектакль - Б.Жандарбековтың «Томирис - царица сакская» эпикалық драмасын және А.Пушкиннің «Евгений Онегин» романынан үзінділер қояды. 21 қыркүйекте кешке Н.Сац атындағы балалар мен жасөспірімдер мемлекеттік академиялық орыс драма театрында көрермендер тарихымыздағы ең атақты шайқас - сақтар мен әйгілі Парсы патшасы Кирдің арасындағы ұрысты көре алады.

 Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған қойылымда патшайым Томирис, нәзік әрі қайсар мінезді әйел, ана, өз халқын құтқару және оның бостандығы үшін бәріне де дайын жауынгер туралы әңгімеленеді. Драманың қоюшы-режиссері - ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Тарлан» сыйлығының лауреаты Гульсина Мергалиева, қоюшы-суретші - ҚР Мәдениет қайраткері Қанат Мақсұтов. Келесі күні осы сахнада және осы уақытта елордалық Орыс драма театрының артистері Евгений Онегинді сахналайды. Қойылымдағы кейіпкер Пушкиннің кезінде емес, қазіргі заманда өмір сүреді. 

Айта кетейік, спектакль РФ Театр қызметкерлері одағының қолдауымен қойылып, Алматыдағы V «Откровение» халықаралық орындау өнері фестивалінің және Санкт-Петербургтегі «Встречи в России» ТМД және Балтық мемлекеттерінің ХХ халықаралық театр фестивалінің лауреаты болып табылады. 

Жастар театрының актерлері 22 және 23 қыркүйекте М.О.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының сахнасында М.Левидің «Между небом и землей» және «Моцарт» мюзиклін көрсетеді. Сонымен бірге, алматылықтар Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық-драма театрының үш қойылымын тамашалайды. 24-25 қыркүйекте елордалық актерлер М.Әуезовтың «Қараш- қараш» әлеуметтік драмасын, У.Шекспирдің «Отелло» трагедиясын және «Шие» пьесасын қояды. «Қараш-қараш» спектаклінің қоюшы-режиссері Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Әлімбек Оразбеков, қоюшы-суретші - Қырғызстанның еңбек сіңірген қайраткері - Юлдаш Нурматов. Драмада Жарасбай мен Бақтығұлдың достыққа және Туған жерге деген сүйіспеншілігі жайлы айтылады. Олар бірге болса, ата-бабадан қалған жерді сақтап, оны кеңейте алады. Ал адал жолдан тайса, опасыздыққа тап болады...

 Сонымен қатар, «Отелло» трагедиясы ҚР халық артисі, «Қаллеки» театрының көркемдік жетекшісі Талғат Теменовтың интерпретациясында ұсынылады. Спектакльдегі ұрысты ресейлік эксперт, сахналық ұрыстар шебері Михаил Вишневский қойған. 23-24 қыркүйекте Астананың Қуыршақ театрының үздік туындыларының бірі - Р.Мұқанованың «Мәңгілік бала бейне» атты спектаклі алматылық көрерменге жол тартады. Театрдың көркемдік жетекшісі, ҚР еңбек сіңірген артисі Құралай Ешмұратованың қойылымында Семей полигонында орын алған оқиғалар мен оның салдары жайлы әңгімеленеді. Спектакльді Алматы қаласының Мемлекеттік қуыршақ театрында тамашалауға болады. 

Сонымен қатар, 22 қыркүйекте сағат 14.00-де Панфилов-Жібек жолы көшелеріндегі Жазғы сахнада елордалық Қуыршақ театрының артистері «Байқа жолда, балақай!» қойылымын көрсетеді. 

Бұдан басқа, елордалық Мемлекеттік академиялық филармонияның шығармашылық ұжымдары да керемет концерттер өткізеді. 22 қыркүйекте Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының Орган залында Ғ.Жұбанова атындағы ішекті аспаптар квартеті «Ұлы дала әуендері» бағдарламасымен өнер көрсетеді. Шығармашылық кеште Шуберт, Гайдн, Бородин, Жұбанов, Жайымов, Махамбет, Желдібаева, Тәттімбет және Құрманғазы сынды ұлы тұлғалардың туындылары орындалады. Концерттің басталуы сағат 18.00-де. Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясында елордалық филармонияның Қазақ оркестрі «Елордадан елге сәлем» атты концерттік бағдарламасын ұсынады.

 22 қыркүйекте сағат 16.00-де Панфилов-Жібек жолы көшелеріндегі Жазғы сахнада өтетін «Астанадан ақ тілек» концертінде алматылықтар елордалық артистердің жұмысына және репертуарына лайықты бағасын бере алады. 

Спорт сүйер қауым да мерекелік шаралардан тыс қалмайды. Астананың мәдени күндері аясында 23 қыркүйекте сағат 14:00-де Алматы орталық стадионында футболдың дамуына үлес қосқан ардагерлер арасында турнир өтеді. Алматыда өтетін шаралар Астананың 20 жылдығына орай елордалық шығармашылық ұжымдар Қазақстанның өңірлерінде ұйымдастырған мерекелік бағдарламаның шымылдығын жабады.

  


 

21.09.2018