Бостандық ауданы
әкімінің аппараты
Алматы қаласы Бостандық ауданы әкімі
аппаратының интернет-ресурсына қош келдіңіздер!
Оқиғалар ОҚИҒАЛАР

20.09.2018

Алматыда эксклюзивті робототехника кабинеті ашылды


Алматыдағы Оқушылар сарайында «Maker Lab» робототехника шеберханасы ашылды. Қалалық білім басқармасы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында кезекті жобаны жүзеге асырды.  

           

«Балалар технопаркі «Лего», «Ардуино» сынды жоғары технологиялармен жабдықталған. Су жаңа Makeblock құрылғысын қондырдық. Мұның көмегімен балаларды халықаралық сайыстарға дайындаймыз. Бұл сыныпта робототехника және 3Д модельдеу үйірмесі өтеді. Бұл үйірмелерге қатысу үшін дайындық деңгейі талап етілмейді. Тек Makeblock жинағымен жұмыс істейтін балалардың белгілі бір деңгейде тәжірибесі керек болғандықтан, тестілеуден өтеді»,-деді басқарманың білім саласындағы жаңа технологиялар орталығы басшысының орынбасары Айгүл Болатбекова. 

           
Оның айтуынша, балаларын үйірмеге бергісі келетін ата-аналар mektepalmaty.kz электронды порталы арқылы тіркеліп, тегін білім ала алады. 

«Мұнда дәріс беретін ұстаздар еліміздің үздік университеттерін тәмамдаған. Балаларды аптасына 3 рет, бір жарым сағаттан оқытуды жоспарлап отырмыз. Кейін аудан, республика көлемінде сайыстар өткізіп, балалардың деңгейін халықаралық дәрежеге дейін көтеру ойымызда бар. Бұл үшін жақын арада робототехника сабағын ағылшын тілінде өткізуді қолға алмыз. Балаларды ең кемі 8 жастан бастап қабылдаймыз. Олар алғашқы сауатын  «Лего» жинағынан бастайды. Кейін сатылы түрде жоғары деңгейге көшіп отырады. Толық курс оқу жылының мерзімімен бірдей, соңында сыннан сүрінбеген балаларға сертификат беріледі», - дейді Айгүл Болатбекова.  Технопарк ұстаздарының сөзінше, мұнда білімнің 80 пайызы - тәжірибе, 20 пайызы - теория жүзінде беріледі екен.  «Бағдарлама бойынша алғашқы үш айда робототехниканың негіздерін үйретеміз. Кейін кәсіби білімге көшеміз. Оқу соңында әр бала бір жобаны жасап, тапсыруы керек. Алдағы уақытта жобаны дамытып, жаңалық ашуға күш саламыз»,-дейді Maker Lab оқытушысы Әсет Мұхаммед.  Технопарк құрылымы Makeblock жиынтығымен ерекшеленеді. Себебі, ол эксклюзивті құрылғы болып есептеледі. 

           
«Makeblock жиынтығын қытайлық инженер ойлап тапқан. Әлемде білім саласында қолданысқа енген бұл құрылғы Қазақстанда бірінші рет балалар игілігіне беріліп отыр. Мұнда белгілі бір нұсқаулық жоқ. Қиялыңыздағы кез-келген роботты осы бөлшектерден құрастыра аласыз. Бүгін балалармен бірге «Марсаход» роботын жинадық. Ол қоршаған ортадан ақпарат таратады. Сол сияқты өзге де роботтарды балалар өз қолымен жинай алады»,-деді Makeblock брендінің Қазақстандағы ресми дистрибьютор компаниясының менеджері Асхат Құрымбаев.


20.09.2018