Бостандық ауданы
әкімінің аппараты
Алматы қаласы Бостандық ауданы әкімі
аппаратының интернет-ресурсына қош келдіңіздер!
Оқиғалар ОҚИҒАЛАР

16.12.2017

Алматы әкімі ҚР Тәуелсіздік күніне орай бірқатар азаматтарды марапаттады


Алматыда ҚР Тәуелсіздік күнін мерекелеуге арналған салтанатты жиын өтті. Жиын барысында қала әкімі Бауыржан Байбек Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес еліміздің дамуына елеулі үлес қосқан алматылықтарға мемлекеттік марапаттар табыстады.

Бауыржан Байбек Мемлекет басшысының сарабдал саясаты мен батыл шешімдерінің арқасында Қазақстан дамудың даңғыл жолына түскенін атап өтті. «Тәуелсіздік жылдары Қазақстан экономикасы 20 есеге артты. Жалпы көлемі 10 мың шақырымнан астам жол салынды, жөнделді, 120 млн. шаршы метр тұрғын үй салынып, 1 миллионнан астам отбасы баспаналы болды. 15 жылда орташа жалақы мен зейнетақы 10 есеге артты. Қазіргі кезде біздің басты міндетіміз - әлемнің дамыған 30 елінің қатарына ену. Оның негізі Мемлекет басшысы жүргізіп отырған саяси, экономикалық және рухани жаңғыру. Жаһандану ғасырында Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы халқымыздың бар болмысын, рухани құндылықтар мен мұрасын сақтап, Тәуелсіздігімізді баянды етуге ықпал ететін болады», - деді Б.Байбек. 

Алматы әкімі Елбасының бастамасымен жүзеге асып жатқан мемлекеттік бағдарламалардың өңірлік экономика мен еңбекпен қамтуға зор серпіліс бергенін атап өтті. Тек биылдың өзінде ғана Алматыда 20 мың адам жұмысқа тартылды, көшелер мен скверлерді қайта жасауға 43 мың адам қатысты. «Нұрлы жол» бағдарламасы еліміздің өңірлерін күретамыр жолдармен жалғап, азаматтардың іскерлік белсенділігін, еліміздің инвестициялық тартымдылығын арттырды. Өз кезегінде «Нұрлы жер» бағдарламасы халықтың жеңілдікпен үй алуына мүмкіндік берді. Қалада 14 мыңнан астам пәтер салынатын болса, соның 5880-і биыл пайдалануға берілді. Бұл 2016 жылмен салыстырғанда 3 есеге артық», - деді Б.Байбек. 

әкімі халықаралық зерттеулер қорытындысы бойынша 2030 жылға қарай әлемдік экономика флагмандары - Оңтүстік - Шығыс Азия елдері, әсіресе Қытай мен Үндістан болатынын жеткізді. 

Салтанатты жиын барысында еліміздің дамуына елеулі үлес қосқан 70 алматылық азаматқа мемлекеттік марапаттар тапсырылды. «Парасат» орденімен Қазақстан Республикасының Әнұранын тұңғыш орындаушы Сара Тыныштығұлова мараптталды. «II дәрежелі Достық» орденін мемлекет және қоғам қайраткері, Орта Азия Университетінің президенті Жұматай Әлиев алды. «Құрмет» орденімен «Мен алматылықпын» қоғамдық қозғалысының негізін қалаушы Константин Авершин, суретші Амандос Ақанаев, әнші Мәдина Сәдуақасова, «Орталық клиникалық аурухана» АҚ ауруханалар бірлестігінің меңгерушісі Сергей Шиллер марапатталды. «ІІІ дәрежелі «Еңбек Данқы» ордені «Ақсай» Нан бөлке комбинаты» ЖШС нан-бөлке өнімдерін даярлаушы Рушангүл Гаитоваға, «Кастинг» ЖШС электролиз сұйықтығы цехының маманы Александр Зейбельге берілді. «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағын «Сымбат» сән академиясының арт-директоры Балнұр Асанова иеленді. Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен №134 лицейдің химия пәнінің мұғалімі, 30 жылдық еңбек өтілі бар педагог Ирина Нестеренко марапатталды.  

  

inform.kz  

16.12.2017