Бостандық ауданы
әкімінің аппараты
Алматы қаласы Бостандық ауданы әкімі
аппаратының интернет-ресурсына қош келдіңіздер!
Оқиғалар ОҚИҒАЛАР

12.10.2018

Алматыда алма музейі ашылды


«Алматы» қонақүйінде Alma Museum музейінің ашылу салтанатында Сиверс алма бағы мен аңызға айналған Апорттың тарихы айтылды.

           

Келушілер  «Город яблочных снов» мультимедиалық экспозициясынан әйгілі алматылық алмалардың тарихын тамашалап қана қоймай, тың деректермен қанықты. «Бүкіл қалалықтар ескі Алматыны аңсайтын сияқты. Біз қаламызға ежелгі алма мәдениетін қайтарғымыз келеді. Қалаға келушілер алма бақтары мен олардың иісіне ғашық болатын. Осындай әсерлерді қайтадан сезінгіміз келеді. Бұл музей қаламызға қажет бірден-бір орын», - деді Alma museum музейінің бірлескен ұйымдастырушы әрі архитекторы  Жанна Спунер. Архитектор Жанна Спунер мен «Алмалы Жұмақ» қоғамдық қорының басшысы Ажар Жандосова Алматының алмалары үшін музей ұйымдастыруды екі жылдан бері жоспарлап келген. Олар Алматыға гүлденген бақшалы қала атағын қайтарып беруді көздеп отыр.

           

«Біз алмаға қатысты құжаттар мен фотосуреттерді жинадық. Әсіресе, барлық дерлік алма сорты өсірілген Сиверс алма бағының материалдары өте көп. Біз алмалы өлкеміз. Өкінішке орай, қолда барды бағаламаймыз. Екі рет алма бағын жоғалттық. Әу баста Алматы баурайындағы алма ормандарынан айрылдық. Мәдени бақтар салу үшін олардың көзін құртты. Ал 90 жылдарда қаланы ұлғайту салдарынан қаншама алма ағашы жойылды», - деді Ажар Жандосова. Мамандардың айтуынша, алматылық апорт негізінен Сиверс алма ағашының жай алма ағашымен телінуінен пайда болған. «Апорттың «әкесі» - Егор Редько. Ол 1865 жылы Ресейден бірнеше алма көшетін алып келген. Алайда ол сорттардың ешқандай ерекшелігі болмаған. Ағаштарды Сиверс алмаларымен тұқымдастырғаннан кейін алма ағашы ерекше жеміс бере бастады.  Ол кісі алма патшасы десек те болады. Біз де оны патшамыз деп санаймыз. Ол өсірген алмалар өте үлкен әрі хош иісті. Енді болашаққа сеніммен қараймыз. Еліміздегі алма кәсібін жандандыру үшін бұл тақырыпты кеңінен қозғаймыз. Алма - біздің айрықша құндылығымыз. Оларды жоғалтуға біздің ешқандай құқығымыз жоқ», - деді А. Жандосова. 

 «Город яблочных снов» көрмесі келесі жылдың 20 қаңтарына дейін жалғасады. Көрмеден соң келушілер назарына әйгілі жеміс туралы қызықты оқиғалар, аңыздар мен ертегілер ұсынылады.

inform.kz

12.10.2018