Бостандық ауданы
әкімінің аппараты
Алматы қаласы Бостандық ауданы әкімі
аппаратының интернет-ресурсына қош келдіңіздер!
Оқиғалар ОҚИҒАЛАР

12.07.2016

Алматыда «Ұлы Дала азаматтары» автошеруіне қатысушыларын қарсы алды


Бүгін Алматыда 28 Панфиловшылар саябағында «Ұлы Дала азаматтары» автошеруіне қатысушыларды қарсы алу салтанатты жиыны өтті. ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен қазақстандықтардың Ұлы Отан соғысында көрсеткен ерліктеріне 75 жыл толуына арналған бұл автошеру биыл 4 шілде күні Алматыда жолға шыққан болатын.

Оған қатысушылар - Қазақстан халқы Ассамблеясының Алматы қаласы бойынша филиалы, «Генералдар кеңесі» РҚБ мүшелері, «Халық қаһарманы» Дмитрий Родин, генерал Панфиловтың немересі Алуа Байқадамова, ауған соғысының ардагерлері, Панфилов гвардиялық дивизиясы құрамында шайқасқан жауынгерлердің ұрпақтары және журналистер - барлығы 40-қа жуық адам автобуспен Бішкек, Тараз, Шымкент, Қызылорда, Қостанай, Петропавл, Көкшетау, Астана, Семей және басқа да қалаларда болып қайтты. Бұл қалаларда автошеруге қатысушылар ҰОС ардагерлерімен, жергілікті тұрғындармен кездесіп, сол қалаларда құрылған әскери құрамалар жайында, солардың құрамында жаумен шайқасып, ерлік көрсеткен батырларымыз жайында әңгімеледі. Басты мақсат - жергілікті тұрғындардың, әсіресе жастардың бойында отанға деген патриоттық сезімді ояту. Оларды әскери-патриоттық рухта тәрбиелеу және «Мәңгілік ел» патриоттық актісін жүзеге асыруға шақыру болды.

Бүгінгі шара барысында автошеруге қатысушылар және оларды қарсы алушы тұлғалар Мәңгілік алауға және И. Панфиловтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, ата-бабалар рухына тағзым етті.

Ал Алматы гарнизонының жауынгерлері салтанатты шараға қатысушылар алдынан салтанатты сап құрып өтті. 

«Бұл автошеруді ұйымдастырудағы мақсат - Ұлы Отан соғысына қатысқан ата-бабаларымыздың рухына тағзым ету және олардың ерліктерін дәріптеу. Осындай шаралар арқылы біз олардың ерліктерін естен шығармаймыз және жастарды батырларымыздың ерлік істері мен өмір жолынан үлгі алуға шақырамыз», - деді «Генералдар кеңесі» Республикалық қоғамдық бірлестігі төралқасының төрағасы, әділет генерал-майоры Рүстем Қайдаров.

Автошеруге қатысушыларды 800-ден астам адам қарсы алды. Олардың арасында ҰОС ардагерлері, «Нұр Отан» партиясы, Қазақстан халқы Ассамблеясы, Алматы қаласы әкімдігі, Алматы қаласы бойынша қорғаныс істері департаменті, Алматы қалалық төтенше жағдайлар жөніндегі Департаменті, «Генералдар кеңесі» РҚБ, ауған соғысының ардагерлері, әскери кафедрлардың курсанттары және «Жас Отан» жастар қанатының өкілдері болды.  

12.07.2016