Бостандық ауданы
әкімінің аппараты
Алматы қаласы Бостандық ауданы әкімі
аппаратының интернет-ресурсына қош келдіңіздер!
Оқиғалар ОҚИҒАЛАР

11.05.2018

Алматыда 9 жаңа субұрқақ салынады


Алматыда жаңадан 9 субұрқақ салынбақ. Сонымен қатар шаһардағы өзге субұрқақтар қайта жөндеуден өтетін болады. Бұл қаланың көркін әрлендіру бағытындағы шаралардың аясында қолға алынып отырған жұмыстар. 
 
Алматы әкімі Бауыржан Байбек қаланың тарихи орталығын жаңарту барысында ескірген фонтандарды қалпына келтіру туралы тапсырма берген болатын. Жаңа фонтандар Абай, Назарбаев, Абылай хан даңғылдары мен Гоголь, Жібек Жолы, Мәметова және Райымбек көшелерінің арасында бой көтереді. Ал Ұлттық кітапхана, «Жетісу» қонақүйі, Абылай хан мен Шевченко көшелерінің қиылысындағы және басқа да жерлердегі бұрыннан бар субұрқақтарды қайта жөндеу жоспарланған.

«Бассейн ыдысы сияқты дәстүрлі фонтандармен қатар «құрғақ» субұрқақтар да іске қосылуда, мұнда айналмалы су жүйесі, судың биіктігі ескерілген. Түрлі прожекторлар арқылы галогенді және жүзгіш шырақ сынды жарық көздері орнатылады», - деп атап өтті Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінен.

Қайта жаңарған Панфилов, Жібек Жолы, Гоголь, Қабанбай батыр, Байсейітова, Төлебаев көшелері мен «Астана» алаңына қоса, биылғы жылы мегаполистегі бірқатар даңғылдың жаңа тынысы ашылмақ.

Орталықтандыру қағидасына сәйкес қаланың барлық аудандарында абаттандыру жұмыстары жүруде. Өткен жылы 455 аула жаңарса, 2018 жылы қосымша 585 ауланы жөндеу күтілуде.



11.05.2018