Бостандық ауданы
әкімінің аппараты
Алматы қаласы Бостандық ауданы әкімі
аппаратының интернет-ресурсына қош келдіңіздер!
Оқиғалар ОҚИҒАЛАР

08.06.2018

ҚР Мемлекеттік хатшысы Алматы қаласында арнайы балалар орталығының ашылуына қатысты


Алматыда Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде «Дара» психологиялық-педагогикалық түзету орталығы ашылды.

                                                                                                                                                                           

Орталықтың ашылу рәсіміне ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова, жоғары оқу орындарының басшылары мен үкіметтік емес ұйым өкілдері қатысты.  «Қазақстан мүгедектердің құқығын қорғау туралы Конвенцияға қосылып, Елбасы құжатты 2015 жылы ратификацялаған болатын. Бұл шараның маңызы өте зор. 2016 жылы білім және ғылым саласында үлкен бағдарлама қабылданған болатын. Бағдарламаға сәйкес осындай педагогикалық-психологиялық түзету орталықтарын ашу міндеті қойылды. Республика бойынша бүгінде 176 кабинет ашылған. 2019 жылы олардың санын 220-ға жеткізу жоспарда бар. Елбасымыз айтқандай, балаларға кедергісіз орта жасауда осы орталықтың үлесі зор болмақ», - деді Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова.

                                                                                                                                                                           

 Мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында ашылған орталықта бір жылда 200-ге жуық бала түзету шарасынан өтеді. Сонымен қатар, бұл орталық болашақ педагогикалық мамандардың тәжірибе алатын алаңы болып табылады. Жаңа кабинетте жеке және топтық оқулар жүргізілетін болады. Мұнда көзі нашар көретін, құлағы естімейтін, тілі, тірек-қимыл аппараты, ақыл-есі кем, оқуды меңгеруде қиыншылықтары бар, тәртібінде және психикалық дамуында бөгет бар әрбір бала психологтың, сурдопедагогтың, логопедтің, массажистің, дефектологтың кешенді білікті көмегін ала алады. «Елбасы Білім беру саласына көп міндеттер қойып отыр. Осы Қазақ қыздар педагогикалық университеті базасында «Дара» қайырымдылық қоры түзету орталығын ашып, мүмкіндігі шектеулі балаларды кәсіби қолдау жағын қолға алып отыр. Біздің мақсатымыз инклюзивті білім беру ұстанымын іске қосып, мүмкіндігі шектеулі балаларды білім берумен қамтамасыз ету», - деді университет ректоры Алдамбергенова Гаухар.

                                                                                                                                                                            

 Айта кету керек, осы мақсатта қалалық Білім беру басқармасы, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті мен «Дара» қайырымдылық қоры 3 жақты меморандумға қол қойған. «Университет түзету кабинеті үшін 300 шаршы метр жай бөлді. Алматы әкімдігі тарапынан 14 штаттық бірлік бөлінді. Бұған  28 млн теңгеден астам қаражат салдық. «Дара» қоры осы кабинеттерді толық жабдықтап беріп отыр. Бұл - Алматыда ашылып отырған 9-кабинет. Қалада ерекше қажеттілігі бар балалардың саны 3000-нан асады», - деді қалалық Білім басқармасының басшысы Гүлнар Қожабергенова. Мұнда жарымжан және мүгедек сәбилер мен жеткіншектер емделіп, емдік-сауықтыру шаралары жүргізіледі. Бұл қызметтердің барлығы да тегін көрсетіледі. Балаларға тифлопедагог, логопед, дефектолог, психолог, дене шынықтыру мамандары тегін қызмет жасайды. Орталықта педагогтармен қатар студенттер де жасөспірімдердің тұрмыстық-әлеуметтік дағдыларын қалыптастыруға көмектесіп қана қоймай, оларды балабақша мен мектепке дайындайды.


 

08.06.2018