Бостандық ауданы
әкімінің аппараты
Алматы қаласы Бостандық ауданы әкімі
аппаратының интернет-ресурсына қош келдіңіздер!
Оқиғалар ОҚИҒАЛАР

07.12.2017

Астанада Елбасының қатысуымен «Елді жаңа индустрияландыру:Қазақстан барысының серпіні» Ұлттық телекөпір өтті


 Телекөпір аясында еліміздің барлық өңірінен 11 тікелей көрсетілім жүргізіліп, соның барысында Қазақстан Президентіне Индустрияландыру картасының ең маңызды нысандары таныстырылды.

– Индустрияландырудың ең маңызды жобаларын іске қосу жыл сайынғы игі дәстүрге айналды. Біз бүгін металлургия, өнеркәсіп, құрылыс материалдары, машина жасау, көлік және логистика салалары бойынша 25 жобаны іске асыруды бастадық, – деді Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаев ауқымды индустрияландыру бағытын ұстанғанымыздың дұрыс болғанын және оның уақыт талабына сай екенін атап өтті.

           

– Бүкіл еліміз бойынша бір мыңнан астам жаңа өндіріс іске қосылып, 100 мыңнан астам тұрақты жұмыс орындары ашылды. Біз бүгін «Giessenhaus» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің алюминий қоспасын шығаратын, ал келешекте автомобиль дискілерін жасайтын жобасын іске қостық. POSKO, «Евразхолдинг», Tenaris, «Полиметалл» сияқты өз саласының көшбасшысы саналатын белгілі трансұлттық компаниялармен ынтымақтастық орнығуда, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті өндірістік кооперация және авмобиль құрастыру саласындағы ынтымақтастық мәселелеріне назар аударып, еліміздің автозауыттарында электромобильдер құрастыру ісі басталғанын айрықша атап өтті.

– Бүгінде Қазақстанда 18 белгілі брендке тиесілі автокөлік құралдарының түрлі моделдері құрастырылады. Біз оларды Қытайға, Ресейге, Тәжікстанға, Өзбекстанға және басқа да елдерге экспорттаудамыз, – деді Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаев шикізаттық емес сектордағы өндіріс көлемін арттыруға және оның ел экономикасындағы маңыздылығына ерекше тоқталды.

           

– Химия өнеркәсібі саласында «Еврохим» трансұлттық компаниясы күрделі тыңайтқыштар шығару зауытының құрылысын бастады. 14 фармацевтикалық кәсіпорында халықаралық ДжиЭмПи стандарттары енгізілді. Бүгін «Химфарм» акционерлік қоғамы «Польфарма» ірі фармацевтикалық компаниясымен бірлесе атқаратын тағы бір жоба іске асырыла бастады. Құрылыс саласында негізгі құрылыс материалдары бойынша импортқа тәуелділікті жойдық. Heidelberg, KNAUF, Basf, Sika және басқа да шетелдік компаниялардың қатысуымен 180-нен астам жоба іске асырылды, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар, Қазақстан Президенті экономиканы әртараптандыру үшін инфрақұрылымды дамытудың маңызы зор екенін атап өтіп, «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында Еуразиялық мультимодальдік көлік дәлізінің іске қосылғанын және «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі құрылысының аяқталғанын айтты.

– Осы жылдар ішінде 2 мың шақырым темір жол, 5 мың шақырым автомобиль жолы салынды. Теңіз және әуе айлақтарына қайта жөндеу жұмыстары жүргізілді. Құрық портында теміржолға және автомобильге арналған паром кешені іске қосылды. «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағы және Ляньюньган теңіз порты жобаларын жүзеге асыру нәтижесінде Азия-Еуропа бағытында Қазақстан арқылы жөнелтілетін контейнерлік жүк тасымалының көлемі жыл сайын еселеніп келеді. Бұл 2020 жылға қарай еліміздің тасымалдаудан түсетін табысын 5 миллиард долларға дейін арттыруға мүмкіндік береді, – деді Елбасы.

           

Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық «ЭКСПО-2017» мамандандырылған көрмесінің табысты өткеніне тоқталып, Үкіметке көрмеде көрсетілген баламалы және жаңартылатын энергия көздері саласындағы ғылыми жетістіктерді тәжірибеге енгізіп, қолдану үшін жүйелі жұмыс жүргізуді тапсырды.

– ЭКСПО аумағында «Астана» халықаралық қаржы орталығы, «Жасыл» технологиялар мен инвестицияларды дамыту жөніндегі халықаралық орталық, ІТ-стартаптар халықаралық технопаркі құрылатын болады. Олардың уақтылы іске қосылып, толық жұмыс істеуін қамтамасыз ету керек, – деді Қазақстан Президенті.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында 4.0. Индустриясының технологияларын енгізіп, бұл салада индустриялық тұрғыдан дамыған елдермен және ЕАЭО-ға мүше мемлекеттермен ынтымақтастықты нығайту қажет екенін айтты. Бұдан бөлек, Елбасы цифрлық технологиялар саласындағы заманауи машықтарды меңгерген мамандарды дайындаудың маңызды екеніне назар аударды.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының Инвестициялар жөніндегі комитетінің мүшесі болғанымызды, Ынтымақтастықтың елдік бағдарламасына қол қойғанымызды, сондай-ақ ұлттық инвестициялық стратегияның қабылданғанын, соның арқасында елімізде көптеген трансұлттық компаниялар мен стратегиялық инвесторлар табысты жұмыс істеп жатқанын айтты.

Осыған орай, Мемлекет басшысы Үкіметке шет елдерге шығарылған капиталды елге қайтару үшін мүмкіндік туғызу, Қазақстанның тауарларын экспорттық нарықтарға жеткізу жөнінде шаралар қабылдауды, сондай-ақ кәсіпкерлікті дамытуға және бизнес-ортаны жақсартуға ерекше мән беруді тапсырды.

Іс-шара соңында Қазақстан Президенті «Алтын сапа» байқауының сыйлықтарын тапсырды. Атап айтқанда, «Үздік индустриялық жоба» сыйлығы – «Giessenhaus» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директорлар кеңесінің тең төрағасы В.Литуевке, «Үздік инновациялық жоба» сыйлығы – «Recycling Company» жауапкершілігі шектеулі серістестігінің жоба жетекшісі А.Рябининге, «Сапа көшбасшысы» сыйлығы – «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі басқармасының төрағасы М.Есеновке, «Үздік азық-түлік тауарларын және/немесе ауыл шаруашылығы өнімдерін шығаратын кәсіпорын» сыйлығы – «Абзал және Компания» толық серіктестігінің директоры М.Ералиевке берілді, «Парыз» байқауының гран-при жүлдесі Евразиялық топтың жетекшісі А.Машкевичке табыс етілді. Бизнесті жүргізу жеңілдігі жөніндегі өңірлер мен қалалардың рейтингі нәтижесі бойынша арнайы сыйлық Астана қаласының әкімі Ә.Исекешевке берілді. 

http://www.akorda.kz

07.12.2017