Бостандық ауданы
әкімінің аппараты
Алматы қаласы Бостандық ауданы әкімі
аппаратының интернет-ресурсына қош келдіңіздер!
Оқиғалар ОҚИҒАЛАР

07.10.2019

Алматыда Шерхан Мұртазаның мемориалды тақтасы ашылды


Алматыда жазушы Шерхан Мұртаза тұрған үйге мемориалды тақта орнатылды. Салтанатты ашылуға қала әкімі Бақытжан Сағынтаев қатысты. 



«Шерхан Мұртазаның бай әрі өміршең шығармашылық мұрасы кеңінен ашылып, тереңірек зерттелуі керек. Халқымыздың сүйікті перзенттерінің есімдері мәңгі сақталып, ұлықталуы үшін барлығын жасаймыз», - деп жазды әкім өзінің Twitter-дегі парақшасына.

Айта кетейік, жазушы өткен жылдың қазан айында 86 жасында дүниеден озды. Шерхан Мұртаза 1932 жылы Жамбыл облысының Жуалы ауданында дүниеге келген. Ол 1955 жылы М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. Жастық шағында «Лениншіл жас» пен «Социалистік Қазақстан» газетінің тілшісі болып қызмет еткен. 1963-1970 жылдар аралығында «Лениншіл жас» газетінің редакторы қызметінде болған. Одан кейінгі кездері «Жазушы» баспасы мен «Жалын» альманахының, «Жұлдыз» журналының Бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының екінші хатшысы, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы әрі Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасының хатшысы қызметтерін атқарған. 1989-1992 жылдары «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы, 1992-1994 жылдары - Қазақстан Республикасы мемлекеттік телерадио компаниясының төрағасы қызметтерін атқарды. ҚР Парламентінің Мәжіліс депутаты болды. Жазушының әр жылдары жазылған «Табылған теңіз», «Белгісіз солдаттың баласы», «Ахметжанның анты», «Мылтықсыз майдан» повестері, «41-жылғы келіншек», «Интернат наны» әңгімелері, «Қара маржан», «Жүрекке әжім түспейді», «Не жетпейді?», бес кітаптан тұратын «Қызыл жебе», «Ай мен Айша» романдары қазақ прозасына қосқан өлшеусіз үлесі болып қалары сөзсіз.




 

07.10.2019