Бостандық ауданы
әкімінің аппараты
Алматы қаласы Бостандық ауданы әкімі
аппаратының интернет-ресурсына қош келдіңіздер!
Оқиғалар ОҚИҒАЛАР

03.08.2017

Алматыда бірнеше көшеде біржақты жол қозғалысы енгізіледі


Алматыда қыркүйекте бірқатар көшелерде көлік қозғалысы біржақты бағытқа ауыстырылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі қалалық әкімдікке сілтеме жасай отырып. 

Алматыда көлік қозғалысын ұйымдастырудың кешенді сызбасы аясында кіші көлік айналымы шекарасына қатысты Шевченко және Құрманғазы көшелерінде көлік қозғалысы біржақты болады. 

Шевченко көшесінің бойында Достық даңғылынан Жароков көшесіне дейінгі аумақта трамвай рельстері алынып тасталған соң, жолдар орташа ағымдағы жөндеуден өтеді және батыс бағытқа қарай көліктер қозғалысы біржақты болады, сонымен қатар оңтүстік жағынан Қонаев көшесінен Жароков көшесіне дейін екіжақты веложол ашылады. Құрманғазы көшесі бойында Мұқанов көшесінен Достық даңғылына дейінгі учаскеде жөндеу жұмыстары аяқталған соң, шығыс бағытта біржақты көлік қозғалысы жасалады. Биылғы жылдың қыркүйек айында көлік қозғалыстарын осылайша ұйымдастыру кедергі нүктелерді қысқартады, аталған көшелерде апатты жағдайлардың алдын алып, Абай даңғылындағы көлік қозғалысының жүктемесін 15%-ға дейін қысқартады. Енді, №112 бағыттағы автобус шығысты бетке алып, Жароков көшесінен Абай даңғылы және Мұқанов көшесі бойымен Құрманғазыдан шығады. 

Сонымен қатар  Алматыда 1 тамыздан бастап, № 44 бағыттағы автобус қайта жүре бастайды. Кезінде тасымалдаушы компания жолаушылар легінің аздығынан №44 бағыттағы көлік қозғалысын тоқтатқан болатын, алайда Наурызбай ауданының тұрғындары үшін бұл бағыт өте қажет. 

Осыған орай, Алматы қаласының Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы бұл бағыттағы көлік қозғалысын қайта ашу туралы шешім шығарды, сонымен қатар көлік аудандық әкімдік, сот, прокуратура, ХҚКО, басқа да мемлекеттік мекемелер орналасқан Наурызбай ауданының әкімшілік орталығына дейін барады. «№ 44 бағыт бойынша ЛИАЗ маркалы жаңа автобустар жүретін болады, жаңа көлік кондиционермен жабдықталған, қала орталығына келетін жолаушылар үшін өте қолайлы, көліктің соңғы аялдамасы Орталық стадион», делінген хабарламада.

 

http://www.inform.kz

03.08.2017